Өмірбаян

biografy

Суретші Леонид Владимирович Брюммердің есімі тек ол өмірден өткен соң ғана танымал болды. Бірақ, бейнелеу өнерінің корифейлері жас Брюммердің шығармаларынан оның суретшіге тән өзіндік талант иесі екендігін әуел бастан-ақ байқаған еді. Ол өзінің бар саналы ғұмырын жоғары мәртебелі өнерге арнады. Оған шығармашылықсыз бұл өмірдің мәні де жоқтай көрінетін. Бүгінде Л. В. Брюммердің 1000-нан аса үлкенді-кішілі еңбектері тағдырдың жазуымен оның өміріндегі соңғы мекеніне айналған Тараз қаласындағы жеке мұражайына қойылған. Мұражай Тараз қаласының 2000 жылдық мерейтойы қарсаңында ашылған болатын. Л. В. Брюммер шығармалары оның Өнерге деген сүйіспеншілігінің жемісі, перзенті десе де болады.

Леонид Владимирович Брюммер 1889 жылы Херсонда дүниеге келді. Орыстанып кеткен неміс Владимир Александрович фон Брюммер мен француз Мари Гутьердің ұлының бойында сурет салуға деген қызығушылық ерте пайда болды. Гимназияны аяқтасымен ол 1910 жылы Киев көркемсурет училищесінің натюрморт класына оқуға түседі.

1915 жылы Санкт-Петербургтегі императорлық көркемсурет академиясынаоқуға түскенде жас суретшінің шығармаларын профессор А. Х. Дубровский «бейнелеу мен бояуларды жақсы сезіне білген» деп, жоғары бағалайды. 1917 жылы суретші өмірінде үлкен өзгерістер болады. Өзінің орыс емес тегіне байланысты Л. В. Брюммерге күллі Ресейді кезуге тура келеді. Бірақ, ол бұл қиыншылықтың барлығын үлкен жігерлілікпен көтере біледі. Оның салған суреттеріне қарағанда ол бұл жылдары Қырымда, Украинада, Кабардин-Балкар елдерінде тұрған. Суретшінің еңбек кітапшасында әр түрлі жұмыс орындары жазылған: газетте фотограф-ретушер, суретші-безендіруші және изостудия жетекшісі.

Осы жылдары салған суреттерінде оған қиын-қыстау кезеңдерде ерекше серпін берген табиғат көріністері айрықша орын алады. Атап айтқанда, Ялта теңізінің жағалауы, Украин жерінің көктем мен күздегі пейзаждары, Кабардин-Балкардың қатал табиғаты бейнеленген. Әсіресе, Брюммердің дала гүлдерін салған суреттері теңдесі жоқ шығармалар болып саналады. Суретші бұл картиналарынадағы бояуларды түрліше құлпыртады. Оның шығармаларындағы «брюммерлік» көңіл-күй ауаны оны өзге картиналардан ерекшелендіріп тұрады.

1941 жылы ширек ғасыр бірге өмірсүрген жары қайтыс болған соң, Леонид Брюммер «неміс ұлтының өкілі» ретінде бауырымен бірге Нальчиктен Қазақстанда, Павлодар облысына жер аударылады. Ол кезде мұңда да сұрапыл соғыстың салдарынан халық аш-жалаңащ, күйзелісті күн кешіп, қара жұмыс істеп жатқан болатын. Жергілікті тұрғындармен бірге Брюммер де жұмыс істеді. Алайда, өмірінің мәніне айналған бейнелеу өнерінен қол үзген жоқ.

Өз әлемімен ғана өмір сүретін өзге де талант иелері секілді ол басқаларға түсініксіз өмір сүрді. Жартылай қираған лашықта жалғыз өзі тұрып, аштық пен суықтың тауқыметін тартты. Дүние-мүлкі мен азық-түліктерін өзі үшін теңдесі жоқ құтыдағы бояуларға айырбастап, керемет картиналарды салды. «Жақында шыдамым жетпей қыраудың суретін салуға кірістім.

Дала суық. Мольбертті орналастырып, оның алдына орындыкты қойдым. Орындықтын үстіне примусты қойдым да, ол сөніп қалмас үшін айналасын қоршадым. Примус жылу беріп тұр, мольбертте – кенеп, қолымда – палитра. Енді сурет салуға болады» деп жазады Л. В. Брюммер. Суретшінің Павлодарда болған кезеңдеріндегі миниатюралық жұмыстарына фанерге, фотоқағазға, кітап мұқабаларына салған суреттері жатады.Бұл суреттерді салғанда ол бояудың тапшылығынан көмір мен карандашты пайдаланып, сұрапыл соғыстың қиындығына қарамастан шаттанған үлкендер мен балалардың жүзіндегі қуанышты қаз қалпында шынайы бейнелейді. Аталмыш картиналар олардың қандай жағдайда салынғандығын білмейтін қазіргі заман көрермендерінің өзін таңқалдырады. Сондай алмағайып заманда өмір сүріп, қайталанбас өнер туындыларын өмірге әкелу үшін асқан талант иесі болудың қажеттігі сөзсіз. Суретші қылқаламынан шыққан шығармаларды тамашалап тұрып, суретшілік өнер авторға Алланың әмірімен берілген тағдырдың сыйы екендігіне еш күмәнің қалмайды. Ол өнерге жандүниесімен берілген суретші болатын.

Жамбыл облысына Л. В. Брюммер 66 жасында келеді. Жасының келіп қалғандығына қарамастан ол мұнда да өнімді еңбек етеді. Күнделікті нан тауып жеп отырған безендірушілік жұмысымен қатар сурет салуын да тоқтатпайды. Кәсіпқой суретшілер оның бұл кезеңдегі салған суреттерінде шынайылықпен қатар, өмірлік тәжірибесінің де ұштасып жатқандығын айтады. Табиғаттың қай мезгілінде болмасын адамдар қолына қолшатыр мен этюд ұстаған егде тартқансуретшіні парктен, орталық алаңнан немесе өзен жағалауынан көретін. Міне, сол суреттерге қарап отырып біз бүгінде жарты ғасыр бұрынғы Жамбыл облысының тыныс-тіршілігімен таныса аламыз.

Л. В. Брюммер 1971 жылы 1 қарашада 82 жасқа қараған шағында қарттар үйінде көз жұмды. Қайтыс боларынан бұрын өзінің 1000-ға жуық және өзге суретшілердің жиырмадан астам суреттерін облыстық өлкетану мұражайына қалдырып кетті. Сонымен қатар ол мұражайға бауырымен бірге 50 жыл бойы жинаған өнертану саласындығы сирек кітаптарды да сыйға тапсырып кетті. Суретшінің артында өлмес мұрасы мен Жамбыл (қазіргі Тараз)қаласынан сурет галереясын ашсам деген арманы қалды.

Л. В. Брюммер арманы орындалды. Сонымен қатар, қала халқының арқасында ол одан әрі даму үстінде. 2000 жылы неміс елшілігінің атсалысуымен Таразда Л. В. Брюммердің көркемөнер мұражайы ашылған болатын. Қазір мұнда жыл сайын мыңдаған туристер мен суретші шығармашылығына ғашық жандар келіп, оның қылқаламынан шыққан дүниелерді тамашалауда. Бойында неміс пен француздың қаны бар, жат жерде тұрып ғұмыр кешкен, бірақ, қай ұлттың адамы болса да жақсы түсініп, жылы қабылдағанөмірінің соңғы Л. В. Брюммер қолына қылқаламын алып, өзінің кезекті картиналарын саларда нені басшылыққа алды? Әлде, ол Б. Пастернак секілді «шығармашылықтың мақсаты – айқай-шу мен жетістікте емес, жан-тәніңмен берілуде», деп түсінді ме екен. Өмірде көрген көп қиыншылықтарының өтеуі ретінде тағдыр оның шығармаларына адамдамрды ғашық етті. Міне, осы үшін қиын да болса, өмір сүруге болады. «Періштелер әрдайым кезіп жүреді», — деп Марина Цветаева айтқандай, осындай ұлы суретшінің Л. В. жылдарында біздің өңірімізде өмір сүріп, қайталанбас өнер туындыларын жасағанын мақтанышпен айтуымызға болады.